Алматы облысының полицейлері мал ұрлығына қарсы күресті күшейтуде
Алматы облысының полицейлері мал ұрлығына қарсы күресті күшейтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы мал шаруашылығы дамыған өңірлердің біріне жатады. Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлерінің айтуынша, Республика бойынша малдың саны ең көп шоғырланған жерлердің бірі, орташа есеппен 6 млн. асады. Сондықтан, басқа аймақтарға қарағанда облыста мал ұрлығы көп орын алуда.
– Алматы облысы ПД мал ұрлығының алдын алу және оны ашу міндеті бірінші кезекке қойылған. Аталған бағытта атқарылғын жұмыстың нәтижесінде соңғы бес жыл ішінде Алматы облысы бойынша мал ұрлығы деректерінің тіркелу санының төмендеуін байқауға болады. Жедел іздестіру іс шараларын жүргізудің нәтижесінде жыл басынан 20 қылмыстық топ ұсталып, олардың 30-шақты қылмысқа қатыстылығы дәлелденді. Соның ішінде атап айтатын болсақ ағымдағы жылы құрамында бес адам бар қылмыстық топ ұсталды, олармен 60 тан аса жылқы малдары ұрланған. Олар ұрланған жылқыларды Шығыс Қазақстан облысына тасымалдаған, қазіргі таңда жылқылардың жартысынан көбі табылып иелеріне қайтарылды, – деді Алматы облысы ПД КПБ аға жедел уәкілі Аскар Байгуданов.
2020 жылдың 11 ақпанынан бастап ҚР Қылмыстық кодексінде мал ұрлығы бойынша арнайы бап (188-1) енгізіліп, оған қолданылатын жаза қатаңдатылды.
– 2020 жылдың қорытындысы бойынша 937 мал ұрлығы дерегі бойынша, қылмыстық іс қозғалды, соның ішінде 213 дерек бойынша малдар табылып иелеріне қайтарылды. Жылдың басынан аталған бап бойынша 6311 құқықбұзушылық анықталып, 345 тұлғаға 5 млн. 164 мың 549 теңге айыппұл салынды, – деп Аскар Байгуданов өз сөзін түйіндеді.