Түлкібастық полицейлер тұрғынға 7 млн теңге шығын келтірген күдіктіні ұстады
Түлкібастық полицейлер тұрғынға жеті миллион теңге шығын келтірген күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын келіп арызданады. Ол арызында белгісіз біреулердің түнгі уақытта тұрғын үйіне кіріп, жатын бөлмеде тұрған ірі көлемдегі ақшасы мен алтын бұйымдарын жымқырып кеткенін көрсеткен. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі жеті миллион теңгеге жуық.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында аудандық полицейлер іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары көрген-білгендерден жауап алып, қажетті шаралардың барлығын іске асырды. Жан-жақты тексеру жұмыстарының барысында күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Ұсталған күдікті бұл қылмысты жоспарлы түрде жасағанын мойындады. Сондай-ақ полиция қызметкерлері бұл ұрлық қылмысына ұсталған ер адамнан бөлек тағы екі жергілікті тұрғынның қатысы барын анықтады.
Бүгінде ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, ал екі жергілікті тұрғынға қатысты іздестіру жұмыстары жалғасуда.