Түркістан облысының учаскелік полицейлері жоғалған малды иесіне қайтарды
Түркістан облысының учаскелік полицейлері жоғалған малды иесіне қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек АПБ-ның кезекші бөліміне кешкі уақытта жергілікті тұрғындардың бірі хабарласып, күнкөріс ретінде бағып, өсіріп отырған сауынды сиырының өрістен қайтып келмегенін, ұры-қарының қолына түсуі мүмкін екендігін айтып, арызданады. Арызданушыға келтірілген шығын көлемі 200 000 теңге.
Аталған жайт бойынша бірінші кезекте тұрғынның тұратын аумағына тікелей бекітілген учаскелік полицейлер полиция лейтенанттары Ержігіт Оспанов пен Оралбай Қанадиловтар жетеді. Олар тиісті жұмыстарды атқарып, сиырды іздеуге кіріседі. Осылайша қос полицей Бәйдібек ауданындағы маңызды көшелерден өтетін, мал тасымалдайтын автокөліктерді тексеріп, жайылымдық жерлерді тінти бастайды.
Бір күн жүргізілген іздестіру жұмыстары көп ұзамай өз нәтижесін берді. Сиыр бөтеннің қолына түспеген, жайылып жүріп бір ауылдан екінші ауылға қарай өтіп, шамамен 15 шақырым жердегі жайылымдық жерге жеткен. Осылайша ауылға бекітілген қос учаскелік полицейдің іздестіру жұмыстарын дұрыс бағытта жүргізуінің арқасында табылған ірі қара иесіне аман есен жеткізілді.
Осыдан кейін малдың иесі учаскелік полиция инспекторларының нәтижелі жұмысына ризашылығын жеткізді.
– Мен Шаян ауылының тұрғынымын, азанда кеткен сиырым кешке қарай үйге келмеді. Сосын полиция бөліміне хабарластым. Оралбай Қанадилов пен Ержігіт Оспанов деген полицейлеріміз келіп, іздеу жұмыстарын жүргізіп, сиырымды тауып берді. Бүгінде сиыр қолымда, – деді жергілікті тұрғын.