Түркістан облысында карантин талабын сақтамаудың 5 мыңға жуық жайты тіркелді
Түркістан облысында карантин талабын сақтамаудың бес мыңға жуық жайты анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 4 796 дерек анықталған. Оның 3 685-іне әкімшілік хаттама толтырылған. Жеке тұлғаларға – 3 512, жеке кәсіпкерлерге – 140, заңды тұлғаларға алты, лауазымды тұлғаларға 27 хаттама толтырылған. Ал той-жиын жасаудың 676 жайты анықталған.
Мысалы, Жетісай ауданында 200-ден астам жайт орын алып, заңды шара қолдану үшін СЭББ-ға жолданған. Атап айтар болсақ, Жетісай АПБ ЖПҚ қызметкерлері рейдік іс-шаралар жүргізу барысында Жетісай қаласындағы көшелердің бірінде орналасқан дәріханада түнгі сағат 22:10 шамасында қызметкері бетпердесіз жұмыс жасап жатқанын анықтаған.
Сонымен қатар мобильдік топпен рейд кезінде Атакент-Жетісай тас жолының бойында орналасқан ойынхананың карантиндік режимді бұзып, жұмыс жасап жатқаны анықталған. Осы жайттарға заңды шара көру үшін жинақталған іс-құжаттар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша) СЭББ-ға жолданды.
Сондай-ақ полицейлер тойханалар мен мейрамхана, кафе-барларды тексеріп, нысан иелерімен кездесіп, той-жиын өткізбеу және азаматтардың жиналуына жол бермеу керектігін түсіндіріп, карантин талаптары бұзылған жағдайда заңды шара көрілетіні туралы ескертті.