Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда учаскелік полиция инспекторы екі апта бойы үйінде болмаған пинчерді тапты

Петропавлда учаскелік полиция инспекторы екі апта бойы үйінде болмаған пинчерді іздеп табуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бірер күн бұрын Петропавл қалалық Полиция басқармасы Бірінші полиция бөлімінің №7 учаскелік полиция пунктіне қала тұрғыны келіп, итін іздеуге көмектесуін сұраған. Ер адамның айтуынша, Мила атты кішкентай пинчер иті 13 шілде ерлі-зайыптылар үйлерінде болмаған кезде жоғалған. Итін егде жастағы туысына қалдырған, ал ол болса итті танымайтын, есімін ғана білетін ер адамға берген. Ерлі-зайыптылар үйлеріне келген соң, сүйікті жануарын таба алмай іздеу салған.

Әлеуметтік желілерге «бағдар» орналастырып, қолдан келген шараларын жасаған. Тек Миланың Шухов көшесі бойында орналасқан жатаханалардың бірінде екендігі ғана белгілі болды. Бірден жетінші полиция пунктіне келген пинчер иесінің өтінішін полиция лейтенанты Нұрсұлтан Қанғожин қабылдаған. Барлық мән-жай сұрастырылып, база тексерілді. Ит болуы мүмкін деген ер адамның жеке басы анықталды. Айтқандай, ол Шухов көшесі бойындағы үйлердің бірінде тұратын болып шықты. Көп кешікпей ер адамның есігі қағылды. Әңгімелесуден кейін ер адам пинчерді қайтаруға көнді.

Миланың иелері отбасы мүшесіне айналған пинчердің табылғанына өте қуанды, тіпті пабликтерге полиция лейтенанты Н. Қанғожинға арнап, алғысқа толы пост жариялаған. Полицейдің фотосуретін WhatsApp қосымшасындағы қызмет нөмірінен алып жариялаған.

Нұрсұлтан Қанғожин полицияда 2016 жылдан бері қызмет атқарады. Учаскелік полиция инспекторы лауазымында 2020 жылдың тамызынан бастап істейді.

СҚО-ға 289 учаскелік полиция инспекторы және УПИ 69 көмекшісі қызмет көрсетеді. Жыл басынан учаскелік инспектордың көмегімен 1000-ға жуық түрлі қылмыстың беті ашылған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру