Сотталған жасөспірімдер атақты дзюдошымен кездесті
Қазақстан жастар қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының қолдауымен «Шынықсаң шымыр боласың» атты кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорттың адам денсаулығына тигізетін ықпалының зор екені белгілі. Әсіресе жас күнінен бастап спортпен шыныққан балалардың денсаулығы мықты болады. Сондықтан да мектептерде дене шынықтыру сабағына әрдайым баса көңіл бөлінеді. Осы орайда Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/6 мекемесіндегі сотталған балаларды спортқа баулу жұмысы да үнемі басты назарда ұсталады. Жазалы балалардың арасында спортты жанына серік еткендер де бар. Олар бостандықта жүргенде небір спорт түрлерімен айналысып, cол жолда жетістікке де жеткен.
Әр мереке сайын колония тәрбиеленушілерінің арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Балалар Алматы қаласындағы оқу орындарының командаларымен де күш сынасып, жүлделі орындар алып жүр. Осындай спорт сүйер балалар үшін дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Ұлттық құрама мүшесі Бауыржан Нарбаевпен кездесу естен кетпес естелік болды. Онлайн кездесу барысында спортшы балаларға дзюдо спортының тарихы жайлы әңгімелеп, бұл спорт түрінің денсаулыққа пайдасын да тілге тиек етті. Дзюдоның отаны болып Жапония елі саналады екен. Ол жазғы олимпиада ойындарына 1964 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарында қосылыпты.
Бауыржан Нарбаев – Маңғыстаудағы «Жас батыр» спорт мектебінің түлегі. 19 жасында-ақ жастар арасында Азия чемпионы атанған оның спорттағы жеңістері колониядағы балалар үшін үлкен өнеге болды. Алғашында Манарбек Бисекенов, Сергей Волобуев сияқты жаттықтырушылардан тәлім алған Бауыржанның қазіргі жаттықтырушысы – Айдын Смағұлов.
Атақты дзюдошы балалармен онлайн әңгіме кезінде спортта жеңіске жету үшін күндіз-түні жаттығу қажет екенін, жеңістің оңайлықпен емес, ащы термен келетінін түсіндіріп, жас спортшылардың жігерін жаныды.
«Шынықсаң шымыр боласың» атты кездесуді ZOOM жүйесі арқылы ұйымдастырған Алматы қалалық «Jas Otan» жастар қанатының үйлестірушілері балалар колониясындағы жасөспірімдер үшін алдағы уақытта да осындай маңызды кездесулер ұйымдастыратындықтарын айтып қуантты.
Сонымен қатар, жазасын өтеушілерге психолог мамандар Ерлан Талипбаев және Аяулым Бақытова онлайн-тренинг жүргізді.