Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Арыста учаскелік полицей құрбыларымен бірге өзенге қыдырып кетіп, із-түзсіз жоғалған қызды тапты

Арыста учаскелік полицей құрбыларымен бірге өзенге қыдырып кетіп, із-түзсіз жоғалған қызды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Арыс АПБ-ға Шымкент қаласының жергілікті тұрғыны, яғни 21 жасар қыздың анасы арызданды. Ол өз арызында 21 жастағы қызының құрбыларымен Арыс ауданындағы өзенге демалуға шығып кетіп, кешкісін қайта келемін деп алайда сол күйі оралмағанын жазып көрсеткен. Бастапқыда қыздың ата-анасы өз еріктерімен бір күн бойы іздеп, еш нәтиже шықпағаннан соң бірден Арыс аудандық полиция бөліміне хабарлаған.

Арыстық полицейлер ата-анасының қызды іздеуге жоғалтқан бір күнін ескеріп, іздестіру жұмыстарына жеке құрамды жұмылдырды. Сонымен қатар барлық учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдер Арыс аумағын іздестірді.

Осылайша, жан-жақты жүргізілген іздестіру жұмыстары өз нәтижесін көрсетті. Полицейлер жоғалған қызды бір тәуліктен соң Арыс ауданындағы ауылдардың бірінің маңында кетіп бара жатқан жерінен тауып, полиция бөліміне жеткізді.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты тексеру мен бойжеткеннен сұрау барысында оның құрбыларымен бірге өзеннің жағасына демалуға барып, сол күні олармен сөзге келіп қалып, жалғыз өзі жолға шығып кеткенін анықтады. 21 жастағы қыз ашумен такси іздеп, жалғыз өзі жүріп кете берген. Осылайша, жаяу жол жүріп, қараңғы болғанда ықтасын жерді тауып, паналаған.
Содан соң таң ата қайтадан жолға шыққан. Бойжеткен жаяу шамамен 2-3 шақырымдай жер жүріп, ауылдардың бірінің маңына жеткен кезде учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Бижановтың көзіне түскен. Жоғалған қызды белгілері бойынша алыстан таныған полицей оны қызметтік көлігімен полиция бөліміне жеткізді. Табылған қызбен полиция бөліміндегі психолог мамандары сөйлесіп, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінде 21 жастағы қыз дін аман, өз отбасымен бірге. Бойжеткенді тапқан Арыс АПБ учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Бижановтың айтуынша, көп жағдайда жасөспірімдер ата-аналарына ренжіп, үйінен шығып кетеді екен. Ондай сәтте полицейлер бірден жоғалған тұлғаның суреттерін алып, сол бойынша басқа да әріптестеріне жолдап, жедел табу мақсатында жүйелі жұмыстарды атқарады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру