Қарағандыда көліктерді тонаған қылмыстық топ ұсталды
Қарағандыда көліктерді тонаған қылмыстық топ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 маусымда Қарағанды қаласының ПБ Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне бірден қаланың үш тұрғынынан өтініш келіп түсті. Жәбірленушілердің барлығы да көліктерінен бағалы мүліктерді ұрлатқаны белгілі болды.
Сонымен, бірінші жағдайда ұрылар ВАЗ-21214 көлігінен құралдар жиынтығын, автокөлік радиосын, екіншісінде – ВАЗ-2114 көлігінен аккумулятор, шынжырлы араны, үшіншісінде – Lada Priora автокөлігінен жазу құрылғысы, аккумуляторды ұрлап кеткен. Барлық көлікті бір ғана тәсілмен, яғни көліктің терезесін сындырып, салоннан бағалы заттарды алып отырғаны белгілі болды. Жалпы шығын көлемі 212 мың теңгені құрайды. ҚР ҚК 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
17 тамызда жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері қылмыстық топты құрықтады. Қылмыстық топтың құрамында 20 мен 23 жас аралығындағы үш жас жігіт болған. Олар қылмысын мойындап, айғақты заттар алынды.
Сотқа дейінгі тергеу барысында полицейлер ұсталғандардың осыған ұқсас тағы жеті қылмысқа қатыстылығын анықтады. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.