Қызылорда облысында заңсыз аң аулаған ауыл тұрғындары ұсталды
Қызылорда облысында заңсыз аң аулаған ауыл тұрғындары ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың жеті айында экологиялық құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу, ескерту, жолын кесу және анықтау бағытында Қызылорда облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызмет басқармасының Табиғатты қорғау полиция тобымен біршама ұйымдастырушылық-тәжірибелік шаралар жүргізілді.
Есепті мерзімде атқарылған жедел-профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде, табиғат қорғау заңнамаларын бұзушылықтың барлығы – 326 дерегі тіркелді. Оның ішінде 21 қылмыстық және 305 әкімшілік құқық бұзушылықтар.
Мысалы, 20 тамыз күні сағат 05:00 шамасында Қызылорда облысы ПД Сырдария аудандық полиция бөлімінің Табиғатты қорғау полиция тобының инспекторынан заңсыз аңшылық дерегі туралы хабарлама келіп түскен.Полиция қызметкерлерімен Бесарық ауылына қарасты «100 гектар» деген жерде мемлекеттік белгісі жоқ «ИЖ» мотокөлігі тоқтатылды.
Тексеру барысында мотокөлік ішінен тіркеуде жоқ 12-калибрлі аңшы мылтығы мен жеті дана оқ, жарық шам (прожектор) және төрт дана қоян аңы анықталған.
Оқиға орнына шыққан жедел-тергеу тобымен 33 жастағы екі күдікті ұсталды. Олар аудан тұрғындары болып шықты. Барлық айғақты заттар тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Сырдария аудандық полиция бөлімімен заңсыз аңшылық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.