Қазығұрт полицейлері екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні ұстады
Қазығұрт полицейлері екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-ның полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау мақсатында, күнделікті жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша рейдтік-профилактикалық іс-шараларын жүргізуде. Осындай шара барысында қазығұрттық полицейлер ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізушіні анықтады.
Полицейлер кешкі сағат 20:00 шамасында жол ережелерін бұзып келе жатқан автокөлікті байқап, тоқтатты. Содан соң оған жақындап, тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізушінің мас күйіне күдіктенді. Сонымен қатар оны тексеру барысында осыдан екі жыл алдын мас халде көлік басқарғаны үшін 3 жыл мерзімге автокөлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Осыған қарамастан екінші рет алкогольдік масаң халде көлік басқаруына күдіктенген полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынға қатысты медициналық сараптама тағайындады. Куәландырудың қорытындысына сәйкес жүргізушінің мас екені анықталды.
Полиция қызметкерлері көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан екінші рет мас халде автокөлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді. Сонымен қатар жинақталған іс-құжаттарды заңды шешім қабылдау үшін Қазығұрт аудандық сотына жолдады.