Түркістан облысының полицейлері зейнеткердің зейнетақысын заңсыз алып кеткен күдікті әйелді ұстады
Түркістан облысының полицейлері зейнеткердің зейнетақысын заңсыз алып кеткен күдікті әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда жәбірленуші ер адам өзінің 70 мың теңгеден астам зейнетақысын белгісіз азамат поштадан алып кеткенін көрсеткен.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді. Осыдан соң тәртіп сақшылары күдіктіні табуға бағытталған жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Күдіктінің жеке басын анықтау мақсатында тиісті шаралардың барлығын атқарды. Осылайша полицейлердің жүргізген жедел шараларының нәтижесінде, алаяқтық жайтына қатысы бар жергілікті әйел тұрғынды ұстады. Ол бұрын осындай алаяқтық жайтымен сотты болған, зейнеткердің досының қызы болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Белгілі болғандай күдікті оңай жолмен ақша табуды көздеген. Осындай мақсатпен пошта қызметкеріне барып, «әкемнің досы зейнетақысын алып келіп беруімді өтінді» деген сылтаумен ақшаны алып кеткен. Содан соң оңай тапқан олжасын жаратып жіберген.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ескертеді, сіз ешкімге жеке басыңызға қатысты мәліметті беруге немесе айтуға міндетті емессіз! Әрбір мәселені заңсыз жолмен емес, тек заң шеңберінде шешуге дағдыланыңыз!