Аралда қоғамдық жұмысты орындамаған сотталған бас бостандығынан айырылды
Аралда қоғамдық жұмысты орындамаған сотталған бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арал аудандық пробация қызметі есебіне алынған ер адам Арал аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 202-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) кінәлі деп танылып, үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталып, жазасының барлық мерзімінде 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту белгіленген. Алайда бұл ер адам пробация қызметінің талаптарына бағынбай, сот үкімінде көрсетілген 100 сағат қоғамдық жұмысқа шықпай, пробация инспекторлары тарапынан жасалған ескертулерге де құлақ аспаған.
Арал аудандық пробация қызметі аталған сотталғанға қатысты бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ұсыныс жолдаған. 12 тамызда Арал аудандық сотының қаулысымен оның жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Серік Сейталиевтің айтуынша, қазіргі таңда пробация есебінде 71 сотталған есепте тұр. Оның ішінде 22 сотталған бас бостандығын шектеу жазасына сотталып, қоғамдық жұмысқа тартылғандар. Жыл басынан қоғамдық жұмысты орындамаған үш адам бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, жазасын одан әрі өтеу үшін түзеу мекемесіне жіберілген.