Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте кезекті есірткі қоюшы ұсталды

Шымкентте полицейлер кезекті есірткі қоюшыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

(Есірткі қоюшы | 2:39 – 4:40)

Учаскелік полиция инспекторы Төре Таукеев өзіне тиісті әкімшілік аумақта қызмет атқару барысында көпқабатты үйлердің артқы жағындағы ағаштардың жанында жүрген белгісіз азаматты байқайды. Ер адам бірден полицейдің күдігін тудырған, өйткені өзіне бекітілген әкімшілік аумақты бес саусағындай білетін учаскелік инспектор тұрғын үй артында гараждар орналасқанын және ол жерде тек жергілікті тұрғындар әрі көлік иелерінен өзге адам жүрмейтінінен жақсы хабардар-тын.

Тәртіп сақшысы күдік тудырған азаматқа жақындап, өзін таныстырып, оның кім екенін және бұл аумақта не үшін жүргенін сұрағанда, азамат дұрыс жауап бере алмай, кідіріп әрі қобалжып қалған. Жігіттің қолындағы сөмкесін байқаған полиция қызметкері бірден онда тыйым салынған заттардың бар-жоғын сұрайды. Сол уақытта ер адам полицейдің сауалынан сескеніп, сөмкесінде есірткі заттары бар екенін айтып, мойындайды.

Содан кейін оқиға орнына тергеу тобы келді. Ұсталған адамды тінту кезінде полиэтилен пакеттерге салынған ұнтақ зат табылды. Күдікті қала бойынша жасырын орындарға есірткі дозаларын қойғандығын айтқан. Оның телефонында тәртіп сақшылары есірткі сақталған орындардың суреттерін тапты. Осы мекен-жайлар бойынша полиция ұсталған адаммен бірге жүріп өтті. Барлық есірткі заттар тәркіленді.

– Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық Кодексінің 296-бабының 2-бөлігімен (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) тіркеліп, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Еңбекші ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Төре Тәукеев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру