Түркістан облысының полицейлері танысының ұялы телефонын тартып алған қыздарды анықтады
Түркістан облысының полицейлері танысының ұялы телефонын тартып алған қыздарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын өзіне тиесілі ұялы телефонын екі күн алдын танысқан құрбы қыздары күш қолданып тартып алғанын көрсетті. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 389-бабы (Өзінше билік ету) бойынша тіркеуге алды.
Учаскелік полиция инспекторларымен жүргізілген жедел-іздестіру қызметінің нәтижесінде, тәртіп бұзып, теріс қылық жасаған екі қыз тәулік ішінде Жетісай АПБ-ға жеткізілді. Белгілі болғандай, бірі жәбірленуші қыздың телефонын тартып алса, екіншісі күш көрсеткен. Ал, жәбірленушіні ұрып-соққаны бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) іс құжаттар жинақталған. Осылайша қыздар арасындағы өзара келіспеушіліктің соңы ұялы телефонды заңсыз иемденумен аяқталған. Күдікті қыздардан ұялы телефон айғақты зат ретінде алынып, жәбірленушіге қайтарылды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және өз мүлкін бейтаныс адамдарға сеніп, тапсырмауды ұсынады. Егер, сіз, заңсыз әрекеттердің құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыз.