Шымкент тұрғыны өз үйінің ауласында есірткі өсірген
Шымкент тұрғыны өз үйінің ауласында есірткі өсірген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Қарасора-2021” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тыйым салынған өсімдіктерді өсіру фактісін анықтады.
Полицейлер Азат шағынауданының тұрғыны өз ауласында құрамында есірткі бар өсімдік – қарасораны өсіргенін анықтады. Тәртіп сақшылары тінту кезінде жалпы салмағы 30-35 келіні құрайтын 39 дана қарасора бұтасын тәркілеп алды.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 300-бабының 2-бөлігі (Өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi егу немесе өсiру немесе сораның, көкнәрдiң немесе құрамында есiрткi заттар бар басқа да өсiмдiктердiң сұрыптарын егіп-өсіру) бойынша қылмыстық іс тіркеліп, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.