Маңғыстауда полицейлердің ата-аналары марапатталды
Маңғыстауда полицейлердің ата-аналары марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісі күні елімізде Отбасы күні мерекесі аталып өтеді. Биылғы жылы аталмыш мереке 12 қыркүйекке сәйкес келді. Біздің қоғамымызда отбасы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы болып табылады және қоғамымыздағы руханилық пен өнегелікті нығайтуға ықпал етеді. Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады.
15 қыркүйек күні Маңғыстау облысы Полиция департаменті ғимаратында “Отбасы күні” мерекесіне орай ішкі істер органы қызметкерлері отбасыларының арасында отбасы институтын, руханилық пен адамгершілікті нығайтуға және қазақстандық отбасылардың оң имиджін насихаттауға байланысты жұмыстағы жоғары жетістіктері және мінсіз қызметімен ерекшеленген 11 қызметкердің ата-аналары ПД бастығы Жанарбек Бақтыбаевтың алғыс хаттарымен марапатталды.
Кадр саясаты басқармасының бастығы Қандарбек Бахтыгереев құттықтау сөз сөйлеп, алғыс хаттарды табыстады. Өз кезегінде ата-аналар да Полиция департаментінің басшылығына ерекше алғыстарын жеткізді.
– Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшылығына алғысым шексіз. Ұлым қызметте шыңдалып, жұлдыздары өсіп нағыз елге қызмет ететін азамат болды. Барлығы Департамент басшылығының еңбегі мен тәрбиесінің арқасы деп білеміз. Барлық тәртіп сақшыларына олардың қиын әрі қауіпті қызметінде сәттілік пен табыс , бар отбасыға амандық пен бақыт тілеймін, – деді шараға қатысқан аналардың бірі Гульнара Курбанова.