Маңғыстау облысында түнгі мезгілде үй-жайдан тыс жүрген 400-ге жуық жасөспірім анықталды
Маңғыстау облысында түнгі мезгілде үй-жайдан тыс жүрген 400-ге жуық жасөспірім анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы аумағында ағымдағы жылдың 13-19 қыркүйегі аралығында “Жасөпірім” және “Түнгі қаладағы балалар” жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықты, қадағалаусыз және панасыз қалуды болдырмау, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және жасөспірімдердің түнгі уақытта үйден тыс немесе көңіл көтеру орындарында болу жайттарын анықтау болып табылады. Аталмыш іс-шараға полиция қызметкерлерінен бөлек, білім, денсаулық сақтау органдары және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмылдырылды.
Полицейлер жедел-профилактикалық іс-шара барысында жиі рейдтік іс-шаралар жүргізіп, түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың шоғырлану орындарын, сауда және ойын-сауық орталықтарын, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға спирттік ішімдік және темекі өнімдерін сату тұрғысынан сауда нүктелерін тексеруде.
Жедел-профилактикалық іс-шаралардың бес күнінде облыс бойынша тәртіп сақшылары әр түрлі құқық бұзушылықтары үшін ІІО-на 445 жасөспірімді жеткізді. Осы уақыт аралығында барлығы 456 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Ата-аналары немесе заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үй-жайлардан тыс жерде түнгі уақытта жүрген 372 кәмелетке толмағандар анықталып, оладың ата-аналарына ҚР ӘҚБтК 442-бабы бойынша хаттамалар жасақталды. Сонымен қатар, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 42 ата-ана ҚР ӘҚБтК 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Іс-шара басынан тәртіп сақшыларымен 125 есепте тұрған жасөспірімдер мен 187 қолайсыз отбасы мекен-жайлары бойынша тексерілді. Шара барысында ювеналды полиция инспекторлары құқық бұзушылыққа бейім 19 жасөспірімді және өздерінің тікелей міндеттерін орындамаған 38 ата-ананы профилактикалық есепке қойды.
– Ювеналды полиция инспекторларымен облыс аумағында орналасқан мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында семинар, брифингтер өткізілуде. Бүгінгі күнге дейін осы сипаттағы 642 жиын өткізілді. Полицейлер жасөспірімдер және олардың ата-аналарымен түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар екендігі туралы профилактикалық, түсіндіру әңгімелерін жиі өткізіп отырады, – деп атап өтті Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев.