Түркістан облысының полицейлері тұрғынға жаңа төлқұжат рәсімдеп берді
Түркістан облысының полицейлері КСРО құжатымен жүрген тұрғынға жаңа төлқұжат рәсімдеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде облыста ҚР азаматтарының құжаттарын рәсімдеу немесе азаматтығы жоқ тұлғаларды куәландыру, мәртебесі реттелмеген адамдарды, яғни 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен жүрген тұлғаларды анықтап, құжаттандыру мақсатында іс-шаралар көптеп өтуде. Аталған шараны көші-қон қызметі бөліністері мен учаскелік полиция қызметкерлері бірлесе ұйымдастырып, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Осындай шара барысында Отырар ауданының полицейлері КСРО кезіндегі қызыл куәлікпен жүрген тұрғынды анықтап, құжат алуына қажетті көмектер көрсетті. Айткүл Жандәулетова өзінің отбасылық жағдайына байланысты жаңа құжат алуға мүмкіндігі болмаған. Ал полиция қызметкерлері аз уақыттың ішінде жаңа төлқұжатын рәсімдеп берді.
Өз кезегінде тұрғын полиция қызметкерлерінің атқарған жұмысына ризашылығын білдірді.
– Мен, Отырар ауданы Ақтөбе ауылының тұрғынымын. 1974 жылғы КСРО кезіндегі ескі қызыл құжатпен әртүрлі себептерге байланысты жүріп қалдым. Ал қазір Отырар ауданының көші-қон қызметкерлерінің арқасында жаңа куәлік алдым. Полицейлерге үлкен рақмет.
Түркістан облысы полицейлері карантин режимін сақтай отырып, әрбір қала, аудандағы егде жастағы тұрғындардың жеке куәліктерінің мерзімі өткендерін қайта рәсімдеуге көмектесуде. Жүріп-тұруы қиын азаматтар мен қарттардың құжаттарын жаңартуға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.