ШҚО-да пенитенциарлық психологтар арт-терапияны қолданады
ШҚО-да пенитенциарлық психологтар арт-терапияны қолданады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түрме психологтары қамаудағылар үшін арт-терапия әдісі ретінде қамырды қолданады. Сотталғандармен жұмыс жасауда ұзақ уақыттан бері әртүрлі тренингтердің түрлері қолданылып келеді. Негізінен түзеу мекемесінде бейнелеу өнері, сондай-ақ коллажды желімдеу әдісі қолданылады.
ШҚО бойынша ҚАЖД ОВ 156/6 мекемесінде тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің психологтары сотталғандар арасында қарапайым қамырды пайдалана отырып тренинг ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тренингтің мақсаты – ішкі қорқыныштың, алаңдаушылықтың алдын алуы және сотталғандардың өмірге, отбасына, сондай-ақ өз-өзіне реніш сезімін жеңу үшін қолданылады. Сонымен қатар бас бостандығынан айыру орындарында сенімді тұлға болып қалыптасуына көмек тигізеді.
– Әртүрлі материалдан мүсіндеумен айналысу психо-эмоционалдық шиеленісті жоюға жақсы әсер етеді, сондай-ақ мұндай техника эмоционалдық жағдайды тұрақтандыруға, өзін-өзі бақылау дағдыларын игеруге, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, табысқа жету мотивациясын, сындарлы қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті мекеме психологы Батыр Емшібай.
Тренинг басында сотталғандар өте ұстамды болды және қамырмен жұмыс істеу барысында олар өздерінің шығармашылық қабілеттерін ашып, қамырға өздерінің бүкіл ішкі әлемін көшірді. Тренинг соңында тұтқындар өз жұмыстарын қорғады.
Мысалы, сотталған Андрей қамырдан мухомор саңырауқұлағының мүсінін жасады. Өз жұмысын таныстыра отырып, ол мухомор – улы саңырауқұлақ, өтірік, сатқындық, қорқыныш, қылмыс жасау сияқты жағымсыз қасиеттермен байланысты екенін және ол болашақта өзінің өмірінде бұл қасиеттерден арылып, бұдан былай көргісі келмейтінін және өмірді басынан, ақ парақтан бастағысы келетінін атап өтті.
Сотталған Руслан коронавирус мүсінін жасады. Ол әлемде болып жатқан соңғы оқиғаларға байланысты оны үйде күтіп жүрген жақындары үшін қатты алаңдайтынын түсіндірді. Сондай-ақ, ол вирус жұқтырған ағасынан айырылғанын және отбасымен бірге болу үшін тезірек босатылғысы келетінін түсіндірді.
Тренинг қатысушылары қамырмен жұмыс істеу кезінде бөтен ойлардан біраз алшақтағандарын, сонымен қатар тренингтің өте қызықты өткеніне ризашылық білдірді.