Жетісай полицейлері мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады
Жетісай полицейлері мал ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай ауданы ПБ кезекші бөліміне екі бірдей жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші азаматтың бірі өз арызында ауылындағы егістік алқапта жайылып жүрген бір бас ірі қара малын белгісіз біреу жасырын ұрлап, 150 000 теңге көлемінде шығын келтіргенін көрсеткен. Келесі бір тұрғын құны 500 000 теңге болатын жылқысының ұрланғаны бойынша арызданып келген. Аталған дерек ҚК 188-1-бабы (Мал ұрлығы) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.
Орын алған қылмысты ашып, күдіктіні ұстау мақсатында жетісайлық қырағы полицейлерден жедел-терегу тобы құрылды. Полицейлер куәлардан жауап алып, жақын аумақтарды тыңғылықты қарап шықты. Мал базарлар мен мал тасымалдайтын автокөліктерді мұқият тексерді. Жан-жақты жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілердің жеке-басы анықталды. Олардың жергілікті тұрғындардан құрылған қылмыстық топ екені белгілі болды. Тәртіп сақшылары анықталған 5 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелерін бірден ПБ-ға жеткізді. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті ер адамдар жүк көлігі бар өздерінің танысын алдап шақырып, үй жануарларын ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Осылайша, қолды болған сиырды Шымкент қаласының мал базарына алып барып сатса, жылқыны ауыл ішіндегі қасапшыға өткізген. Түскен ақшаны өзара бөлісіп, бас пайдаларының қажеттілігіне жұмсаған.