Жамбылда ЗИЛ мен жеңіл көлік соқтығысып, өртке оранған: екі адам көз жұмды
Жамбылда ЗИЛ мен жеңіл көлік соқтығысып, өртке оранған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 қыркүйек түнгі сағат 23:15 шамасында Жуалы ауданының Б.Момышұлы және Қошқарата тас жолдарының 24-шақырымында Audi-80 және ЗИЛ-130 автокөліктерінің соқтығысуы орын алды.
Соқтығысудан кейін автокөліктер өртке оранған.
Өрт салдарынан Audi-80 автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
ЗИЛ-130 автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі жарақаттармен Жуалы ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.
Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Жол-көлік оқиғасының себептері анықталуда, бірқатар сараптамалар тағайындалды. ҚР Қылмыстық істер жөніндегі кодекстің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде істің мән-жайы жария етілмейді.