Түркістан облысының полицейлері 7 бас жылқыны айдап кеткен үшеуді анықтады
Түркістан облысының полицейлері жеті бас жылқыны айдап кеткен үшеуді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ ауданы ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын өзінің ұрлық жайтының құрбаны болғандығы жөнінде арызданған.
Жәбірленуші ер азаматтың айтуынша, жайылымдық алқапта жүрген жеті бас жылқысын түнгі уақытта белгісіз біреу ұрлап кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі үш миллион теңгеге жуық. Аталған дерек ҚК 188-1-бабы (Мал ұрлығы) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді. Ақпарат алысымен Созақ ауданы ПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, куәлардан жауап алды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері мал ұрлығын жасағандардың ізіне шығып, үш күдікті ер азаматты ұстады. Олардың барлығы Бәйдібек ауданының тұрғындары болып шықты. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай күдікті азаматтар оңай жолмен ақша табуды көздеп, өзара сөз байласқан. Содан соң түнгі сағат 04:00 шамасында жайылымда жүрген жеті бас жылқыны Бәйдібек ауданындағы күдіктінің бірінің қорасына дейін айдап барған. Таң атысымен жылқыларды бәйдібектік тұрғынның біріне сатып жіберген. Ал ақшасын бөлісіп, бас пайдаларының қажеттілігіне жұмсаған.
Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына қырағы болып, малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Шаруашылық аулалар мен қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтып, құлыптар мен жарық орнату қажет. Сондай-ақ, үй малына ен-таңба салдырып, бақташы жалдау керек. Егер, сіз, мал ұрлығының құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыз.