Ақтөбе облысында мыңнан астам иесіз жайылып жүрген мал арнайы қораларға орналастырылды
Ақтөбе облысында мыңнан астам иесіз жайылып жүрген мал арнайы қораларға орналастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көбінесе мал иелері қой-ешкілерді және жеке қосалқы шаруашылықтардағы басқа да жануарларды жайылымға немесе тіпті жай көшеге шығарған уақытта оларды қараусыз қалдырады.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысы бойынша мәслихаттың 2021 жылғы 24 ақпандағы №16 шешімімен ауыл шаруашылығы жануарларын жаю, сондай-ақ иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидалары бекітілді. Оған сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қоршалған немесе қоршалмаған жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларының иелерімен не олар уәкілеттік берген адамдармен жүзеге асырылады.
Бұл ретте, осы қағидаларды сақтамағаны үшін заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
– Жыл басынан бері Ақтөбе облысы бойынша 76 қылмыс тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға аз. Азаматтардан 412 бас мал ұрланды, оның ішінде жылқы – 147, ірі қара мал – 82, ұсақ мал – 183, оның ішінде иелеріне 209 бас мал қайтарылды. Айта кету керек, мал ұрлығының 90%-ы немесе 68-і еркін мал жайылымнан ұрланған, себебі, мал иесіз жайылып жүр. Егер мал ұрланған болса, иелері көбінесе қай уақытта ұрланғанын немесе жоғалғанын білмейді, бұл жағдай малды іздестіруді қиындатады.
Жыл басынан бері Полиция департаментінің бөлімшелеріне 30-дан астам азамат малдың еркін жайылымнан жоғалу деректері бойынша жүгінді, өткізілген іс-шаралар барысында олардың малдары табылып, иелеріне қайтарылды. Бұл ретте, жоғалған малды іздеуге ІІО-ның айтарлықтай күші мен қаражаты, сондай-ақ нақты қылмыстық әрекеттерді ашу үшін көп уақыт жұмсалады, – деді Ақтөбе облысы ПД бастығының орынбасары Мұрат Сейталин.
Жергілікті атқарушы органдардың көмегімен облыс бойынша қаңғыбас малды ұстауға арналған 69 қора жұмыс істейді, оған жыл басынан бері 1267 бас иесіз жайылып жүрген мал орналастырылды. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін бұзғаны үшін 600 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, қараусыз жүрген мал көліктердің қозғалысына үлкен қауіп төндіреді. Жиі соқтығысудың нәтижесінде жүргізушілер мен жолаушылар түрлі жарақаттар алып, кей жағдайларда адамдар мен жануарлар қайтыс болып жатады. Ағымдағы жылдың басынан бері облыс аумағында малдың қатысуымен 5 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде жеті адам түрлі дене жарақатын алды.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, мал иелеріне ескертпе: Сіздің мүлкіңізді сақтау мақсатында барлық алдын алу шараларын сақтауды сұраймыз. Көп жағдайда полиция ұрланған емес, жоғалған жануарларды іздеуге мәжбүр. Малды қараусыз қалдырмаңыз, таңбалау жүргізіңіз. Қоршалған аумақтарда мал жаюды ұйымдастырыңыз, жалдамалы қызметкерлердің қызметтерін пайдаланыңыз.