Арыстықтың көлігін айдап кеткен күдікті қолға түсті
Түркістан облысында тұрғынның мотороллерін заңсыз айдап кеткен күдікті ізін суытпай ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс ауданы ПБ таңғы сағат 04:00 шамасында жергілікті тұрғын арызданып, көпқабатты тұрғын үйде орналасқан пәтерінің ауласына кешкі уақытта қойған «Муравей» маркалы мотороллерін белгісіз біреу мініп кеткенін көрсетеді. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгені құрайды. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.
Ақпарат алысымен осы аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторы Асанхан Сыздықов пен патрульдік полиция тобының инспекторы Бақытжан Шекербеков тез арада оқиға орнына жетіп, өзгенің көлігін айдап кеткен күдіктіні ұстау мақсатында жедел әрекетке көшеді. Ұрлықтың түнгі уақытта орын алғаны қылмыстың тез ашылуына өз ықпалын тигізеді. Яғни полицейлер көшеде адам және көлік қозғалысының аздығын пайдаланып, көрген-білгендерден тездетіп жауап алып үлгереді.
Содан мотокөліктің Монтайтас ауылы аумағында тұрғаны туралы ақпарат алып, сол бағытқа қарай жүріп, жедел-іздестіру жұмыстарын атқарады.
Полицей А.Сыздықов пен Б.Шекербековтер келгенде, мотороллер жол бойында тұрады. Жанында ешкім жоқ. Екі полицейде күдіктінің қайта келуі мүмкін екеніне күмәнданып, 1,5 сағаттай сол жерде күтеді. Бір мезетте көлікке жанармай әкеле жатқан күдіктіні байқаған тәртіп сақшылары, оны мотороллерге жақындаған сәтте ұстады. Осылайша полицейлердің кәсіби шеберлігі мен қырағылығының нәтижесінде, көлік пен оны айдап бара жатқан күдікті анықталып, ұсталды. Анықталғандай жаяу келе жатқан күдікті, аулада тұрған көлікті көріп, ақша қажет болғандықтан, ешкім жоқтығын пайдаланып оны заңсыз басқарып кеткен. Бар ойы жеңіл жолмен қанжығасына байланған олжасын Шымкент қаласына апарып, сатып жіберу болған. Содан жанармайы таусылып қалғандықтан, жол бойына тастап кеткені белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктінің бас шарасы қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарды әрдайым өзінің мал-мүлкіне сақ болуға шақырады. Осындай оқыс жағдайға тап болсаңыз немесе куәсі болсаңыз, шұғыл полицияның «102» телефонына хабар беріңіздер.