СҚО-да кавалерист-полицейлер 40-тан астам құқық бұзушыны ұстады
Саяжай маусымының басынан петропавлдық кавалерист-полицейлер 40-тан астам құқық бұзушыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Саяжай маусымының басынан кавалерист-полицейлермен Петропавл қаласының маңында 40-тан астам құқық бұзушы ұсталды. Саяжай аумағында көбінесе масаң күйде жүретін, ұсақ бұзақылық жасаған азаматтар, сондай-ақ, тұрғылықты мекенжайы жоқ тұлғалар ұсталады.
Патрульдік полиция батальонының кавалериялық бөлімшесі құрамында 14 қызметкер мен олардың жылдам 13 серігі қызмет атқаруда. Сәуір айы келісімен қала маңына саяжайларын бағып-күтуге тұрғындар келе бастайды. Осы сәттен салт аттылар жұмысқа кіріседі. Қазіргі уақытта атты патрульдер 20-дан астам саяжай қоғамдастықтарын қадағалайды. Рейдік шараларға екі ат мінген екі қызметкер шығады. Сақшылардың міндеті – саяжай қоғамдастықтарының төрағаларымен және күзетшілерімен үнемі байланыста болу, келіп түскен әр қоңырау бойынша жедел әрекет ету. Қажет болған жағдайда із-түссіз жоғалғандарды іздеу үшін ормандар мен көлдер маңын тексеруге дайын болу.
Маусымның басынан кавалериялық бөлімше қызметкерлері 43 заң бұзушыны ұстаған. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін автопатрульдерге табысталды.
Бағбандардың айтуынша, саяжай аумақтарында жағдай – тыныш. Маусым барысында болатын қылмыстар бірен-саран. Салт аттыларды бағбандардың әрқайсысы ерекше ықыласпен қарсы алады. Жаңалықтарымен және жоспарларымен бөліседі. Олардың келуіне, әсіресе, балалар риза. Өйткені, аттың үстіне мініп, серуендеуге болады.
Аумақтардағы дәнді-дақылдардың басым бөлігі жиналса да, ат мінген тәртіп сақшылары қар түскенше қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді жалғастыруда.