СҚО полицейлері 5 тонна зығыр ұрлығын тергеуде
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері бес тонна зығыр ұрлығын тергеуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Айыртау ауданындағы ауыл шаруашылық кәсіпорындарының бірінің басшысы жаңа орылған бес тонна зығыр ұрлығын анықтап, полицияға жүгінген. Шығын 1 миллион 700 мың теңгені құрады. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің аумағында кәсіпкер орнатқан бейнебақылау камераларынан жазбалар алынды.Бейнебақылау камералары тіркеген «КамАЗ»-дардың бірінің жүргізушісі күдік туғызған. Алдағы іздестіру іс-шаралары бұл версияны растады. 35 жастағы «КамАЗ» жүргізушісі мен жүк артумен айналысатын 40 жастағы трактор жүргізушісінің қатысы бары анықталды. Күдіктілер зығырды көрші ауылдың тұрғынына 450 мың теңгеге сатқанын айтты. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігі (Ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұрланған өнім алынып, заңды иесіне қайтарылды.
– Астық жинау науқаны кезеңінде облыс полицейлері «Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасы режимінде жұмыс істеуде, — дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров. — Ауыл шаруашылықтарында ұрлықты ашу және жолын кесу бойынша жұмыс күшейтілді. Ауыл шаруашылық кәсіпорындарының қауіпсіздік қызметімен өзара іс-қимыл жасалуда. Жалпы, облыста аграрийлердің мүлкін қорғаудың сенімді схемасы құрылғанын атап кеткен жөн. Астық жинау науқанының басынан жаңа астық ұрлығының төрт фактісі тіркеліп, олардың бәрі қысқа мерзімде ашылды.