«Әлеуметтік көмек алуға көмектесемін»: Түркістан облысында тұрғын алаяққа алданып қалды
Түркістан полицейлері әлеуметтік көмек рәсімдеуді ұсынған алаяқты қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, онда «әлеуметтік көмек алуға көмектесемін» деген алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді. Жәбірленушінің сеніміне кірген алаяқ, арызданушы әйелден 40 мың теңге ақшасын алған күйі ізін суытқан.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша Сайрам АПБ-ға тіркеді.
Күдіктіні ұстау мақсатында полиция бөлімінде жедел-тергеу тобы құрылып, жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Нәтижесінде бір тәулік ішінде күдіктіні тұрғылықты жерінен құрықтады. Ол жергілікті тұрғын, яғни орта жастағы ер азамат болып шықты. Бүгінгі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болудың және күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеудің қажеттілігі туралы ескертеді.