Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сенаторлар полиция қызметіне «сервистік модельді» енгізу барысымен танысты

ІІМ-де ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің көшпелі отырысы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға әкімдердің орынбасарлары, мәслихаттардың хатшылары және өңірлердегі полиция департаменттерінің басшылары онлайн-режимде қатысты.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру аясында полицияның сервистік моделін одан әрі енгізу барысы туралы айтты.

Сервистік полиция – бұл мемлекеттік институттардың құқықтық тәртіп саласындағы проблемаларды бірлесіп анықтау және шешу үшін азаматтармен тұрақты серіктестік қатынасына негізделген қоғам қауіпсіздігі моделі элементтерінің бірі.

Ведомство басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын іске асыру және халықпен кері байланыс, ІІМ жүйесінің қолжетімділігі мен ашықтығы, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру шеңберіндегі ІІО қызметінің негізгі бағыттарын атап өтті.

Министр бүгінде жергілікті полиция қызметін реформалау жалғасып жатқанын, учаскелік полиция инспекторының өкілеттіктері кеңейтілгенін атап өтті. Ішкі істер саласының «жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыру шеңберінде қажет болған жерге полицияның тұрақты болуын  қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Дамыған елдердің тәжірибесі бойынша қалалардың криминогендік учаскелерінде тәулік бойы жұмыс істеу үшін полицияның модульдік бекеттері орнатылуда. Осындай 71 бекет салынды, 5 жыл ішінде тағы 143 бекет салу жоспарлануда.

Өңірлерде қоғамдық орындарда және автомагистральдарда «Полиция» дабыл түймесі» құрылғысын тестілеу және кезең-кезеңмен іске қосу жүргізіледі.

Түймені басқан кезде полицияның жедел басқару орталығының қызметкерімен дереу байланысуға болады. Орнатылған камераның көмегімен бейне түсіру қамтамасыз етіледі, ал динамиктер Жедел басқару орталығы офицеріне хабарласушы адаммен аудио байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Құрылғылар жылдың соңында іске қосылады.

Әкімдіктермен бірлесіп учаскелік пункттер салу бойынша шаралар қабылдануда, салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі учаскелік пункттер үшін үй-жайлар бөлу мәселелері пысықталуда.

Бірқатар өңірлерде халықаралық және отандық сарапшыларды тарта отырып, полицияның сервистік моделін сынақтан өткізу бойынша «пилоттық» жобалар іске қосылды. 2019 жылдан бастап жоба Қарағанды қаласы әкімдігінің базасында, ал 2020 жылдың басынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында іске асырылуда. Сондай-ақ, Алматы қаласында, Ақтөбе және Павлодар облыстарында жобалық топтар құрылды.

Жобалардың негізгі мақсаты пилоттық аумақтың проблемаларын жан-жақты зерделеу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету процесіне құқық бұзушылықтың алдын алудың басқа субъектілерін және жергілікті қоғамдастықты тарту болып табылады.

Әзірленген практика құқық бұзушылықтар жасауға кедергі келтіретін алдын алу шараларын қабылдауға ықпал ететін болады. Болашақта әзірленген ұсыныстарды ескере отырып, оларды барлық өңірлерде іске қосу жоспарлануда.

Қазіргі уақытта полиция қызметін жетілдіру жүргізілуде, азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстың тиімділігін арттыру үшін ресурстар қайта бөлінуде.

Қорытындылай келе, депутаттар полицияның сервистік моделін енгізу қауіпсіздікті қамтамасыз ету процесіне құқық бұзушылықтың алдын алудың басқа субъектілерін және жергілікті қоғамдастықты тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков сервистік модельдің мәні қоғам мүшелерінің қауіпсіздік проблемаларын анықтау процесіне қатысуында екенін атап өтті. Ол полиция мен қоғам арасындағы серіктестікке негізделген. Ашықтық үшін жұмыс істеу керек, полиция халықтық және қол жетімді болуы үшін қоғаммен жұмыс істеу керек.

– Бұл ретте сервистік тәсілдерді масштабтаудың тиімділігі көбінесе жергілікті атқарушы органдардың жәрдемдесу дәрежесіне байланысты, – деп атап өтті сенатор.

Сапар барысында депутаттар Ішкі істер органдары өз қызметінде пайдаланатын заманауи техникамен және полиция қызметкерлерінің жаңа нысанды киім-кешегімен танысты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру