Ақмолада пробация қызметкері есепте тұрған адамның анасының өмірін сақтап қалды
Ақмолада пробация қызметкері есепте тұрған адамның анасының өмірін сақтап қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көкшетау қаласының пробация қызметі бөлімінің инспекторы Сауран Ерғали есепте тұрған адамды тексеру үшін кешке таман үйіне барған, пәтерге кірген кезде еденде жатқан сотталушының анасын көрді. Әйел қатты, жиі дем алып, ештеңе айта алмай, ауыр халде болды. Ұлы осы уақытта дәріханаға кеткені кейіннен белгілі болды.
Аға лейтенант жедел жәрдем шақыруға асықты, бірақ бір сағат ішінде келеміз деген жауапты естігеннен кейін, уақытты жоғалтпай әйелді абайлап көтеріп, өз көлігімен есепте тұрған адаммен бірге Көкшетау қаласының қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізді. Аурухананың қабылдау бөлімінде көрсетілген медициналық көмек жеткіліксіз болды, шұғыл түрде науқас жедел терапия бөліміне орналастырылды, содан кейін әйелдің хал жағдайы жақсарды.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, әйелде түскен кезде тыныс алу жеткіліксіздігі, тыныс алудың жиілеуі, ауаның жетіспеушілігі болған. Уақытында көмек көрсетпеу қайғылы жағдайға айналуы мүмкін еді.
Самал Кукузовнаның пробация қызметінің есебінде тұрған ұлынан басқа тағы екі баласы бар, кішісі – 13 жаста. Отбасы әкесіз тұрады. Самал қаладағы кафелердің бірінде аспаз болып жұмыс істейді, француз тағамдарын жақсы біледі және жасаған тағамы кафеге келушілердің көңілінен шығады.
– Мен пробация қызметкері Сауран Ерғалиге шексіз ризамын, Алла оның ата-анасына осындай ұлды тәрбиелегені үшін денсаулық берсін. Егер ол болмаса, менің балаларым жетім қалуышы еді. Ауруханадан келуге Сауран Ерғали көмектесті, тіпті хал жағдайымды білуге де келді. Мен үлкен ұлым үшін қатты уайымдаймын, ол қылмыс жасады, адамды ұрды, бұл үшін мен де өзімді кінәлі сезінемін, мүмкін тәрбиені дұрыс бермедім. Ол қалай бұл қадамға барғанын санам қабылдай алмайды. Әрқашан мейірімді және ұқыпты, маған інілеріне қамқорлық жасауға көмектеседі. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Ұлым көп нәрсені түсінді, – дейді үш баланың анасы.