Түркістан полицейлері өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен күдіктіні ұстады
Түркістан полицейлері өзгенің көлігін заңсыз айдап кеткен күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ер адам өз арызында, тұрғын үйі орналасқан көше бойында тұрған «Daewoo Nexia» маркалы көлігін белгісіз біреу рұқсатсыз айдап кеткені бойынша шағымданған. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркеуге алып, бірден іске кірісіп кетті. Қылмысты ашу мақсатында тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жедел-тергеу амалдарын бастайды. Полицейлер тарапынан көлік ұрлаған күдіктіні құрықтау мен түр-тұлғасын анықтау үшін, қажетті барлық шаралар атқарылды. Соның нәтижесінде, арада небары бір сағат өткенде жәбірленушінің көлігінің тұрған жерін анықтайды. Ол Сарыағаш қаласы көшелерінің бірінде «Мatiz» автокөлігімен соқтығысып жол көлік оқиғасын жасаған. Осылайша Сарыағаш АПБ-нің полиция қызметкерлері күдікті ретінде жергілікті тұрғынды құрықтады. Оны ПБ-ға жеткізді.
Белгілі болғандай күдікті азамат мас халде есік алдында тұрған көліктің айналасында ешкім жоқтығын, есігі ашық, ішінде кілті тұрғанын пайдаланып айдап кеткені белгілі болды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізіліп, сотқа жолданды.
Түркістан облысының полицейлері көлік ұрлығын болдырмау үшін, көліктерін бейнекамерамен жабдықталған, жарықтанған автотұрақтарға қою керектігін ескертеді.