СҚО-дағы ауылдық округ тұрғындары өз учаскелік инспекторына сеніммен қарайды
СҚО-дағы ауылдық округ тұрғындары өз учаскелік инспекторына сеніммен қарайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тайынша ауданына қарасты Абай ауылдық округінің тұрғындары өз учаскелік полиция қызметкері Руслан Бекболатовты сенімді де жауапты адам ретінде жақсы біледі. 25 қазанда ауыл тұрғындарының бірі табында жайылып жүрген сиырынан айырылып қалған. Үш күнгі іздеу еш нәтиже бермеген. Үмітін үзген үй иесі учаскелік инспектордың көмегіне жүгінеді. Бақташыдан малдың қай жерде бағылғанын сұраған соң, полиция майоры Руслан Бекболатов айналаны тексере бастады, ешкім тұрмайтын Терновка ауылынан сиыр табылды – ол үйден 12 шақырым жерге кетіп қалған. Қуанған ауыл тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаевқа ризашылығын білдіріп, алғыс хат жазыпты.
– Учаскелік инспектор уайымдамаңыз, сиырыңызды міндетті түрде тауып беремін деді, – деп жазыпты ол. – Оған еш күмәнім болған жоқ, өйткені тамыз айында ол Қарағаш ауылының тұрғынының үш бұзауын тауып берген.
Ауылдық учаскелік полиция қызметкерінің тәжірибесінде әртүрлі жағдайлар жиі кездеседі. Руслан Бекболатов адамдарға көмектесуден ешқашан бас тартқан емес.
– Олай болмаса, мен аймақта болып жатқан барлық оқиғалардан хабардар бола алмаймын, – дейді ол. – Ал мұнсыз учаскелік қызметкердің жұмысының тиімді болуы мүмкін емес. Қызметім адамдар алдында билік өкілі екенімді ұмытуға мүмкіндік бермейді. Демек, мен әрқашан халықпен бірге болуым керек. Адамдар әртүрлі мәселелерімен жүгінеді. Көбінесе – отбасылық-тұрмыстық қатынастарға, қаңғыбас малға қатысты болады. Заң жағынан кеңес алуға да жиі келеді. Адамға қайда жүгіну керектігін білуге тырысамын, бәрін түсіндіремін. Өйткені, халықтың сенімі – біздің қызметіміздің негізі.
Абай ауылдық округінде 1322 адам тұрады. Жыл басынан бері қызмет көрсетілетін аумақта қылмысқа жол берілген жоқ. Руслан Бекболатов облыстағы ең мықты учаскелік инспекторлардың бірі. Ол былтыр Астанада Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қолынан полиция майоры шенін мерзімінен бұрын алды.