ШҚО полицейлері жолда қалған жүргізушіге көмектесті
Шығыс Қазақстан облысының полицейлері жолда қалған жүргізушіге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция ротасының қызметкерлері көлігі бұзылып, жолда қалған жүргізушіге көмек көрсетті.
5 қарашада «Омбы-Майқапшағай» республикалық маңызы бар тас жолында Семейден Үржарға жол тартқан жолаушы Азат Жұматовтың «HYUNDAI» маркалы автокөлігі істен шығып, жолда қалған.
Көлігін өз күшімен жөндемек болған оның талпынысы, нәтиже бермеген соң, ер адам өтіп жатқан көліктерді тоқтауға тырысқан, алайда ағылған көліктер легі көмекке келмеген. Қас қарайған уақытта патрульдік автокөлік тоқтап, мән-жайды сұрап, жолда қалған жүргізушіні жақын маңда орналасқан ТЖМ жылыту пунктіне жеткізген.
Жүргізуші өз кезегінде, суық күндері жолда қалдырмай көмекке келген борттық №520 «CHEVROLET» қызметтік автокөлігіндегі Жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Серік Қыдырбеков пен Асет Тілекеновке алғысын білдірді.
– Тәртіп сақшылары маған көмекке келді. Қазіргі уақытта қиын сәтте қол ұшын созуға дайын адамдар бар екенін сезіну мені қатты қуантады. Полицейлерге үлген рахмет!, – деді жүргізуші Азат Жұматов.
Құрметті жүргізушілер, ШҚО ПД Жергілікті полиция қызмет басқармасы ауа райының күрт өзгеруіне байланысты автожолдарға шығар алдында автокөліктің техникалық жағдайын тексеріп, жолда қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігін ескертеді.