Көлік иесімін деп таныстырған қарағандылық бөтеннің көлігін мініп кеткен
Көлік иесімін деп таныстырған қарағандылық бөтеннің көлігін мініп кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 қарашада Қарағанды қаласының ПБ Киров ПБ-не 45 жастағы қала тұрғыны арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, көлікті белгісіз біреу ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 600 мың теңгені құрады.
Көлік сервисте жөндеуде тұрған. Куәгерлердің айтуынша, бұл көліктің иесі екенін мәлімдеген бір азамат келіп, рульге отырып кетіп қалған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті 31 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Ол кінәсін мойындады. Көлік тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.