Қарағандыда қазақстандықтардың атынан несие рәсімдеген алаяқ құрықталды
Қарағандыда қазақстандықтардың атынан несие рәсімдеген алаяқ құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарашаның 10-ы күні Қарағанды қалалық ПБ Орталық полиция бөліміне 24 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғыны арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреу екі несие ұйымынан онлайн несие рәсімдеген. Келтірілген шығын көлемі 80 мың теңгені құрады.
«Hi-Tech» профилактикалық іс-шарасы барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті – 26 жастағы жігітті анықтап, ұстады. Ол қылмысын мойындады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас 4 қылмыс істегенін анықтады.
Сонымен қатар, алаяқ Нұр-Сұлтанда жасаған 17 алаяқтық іс бойынша есепте тұрғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта алаяқтың жәбірленушілерге келтірген жалпы шығын көлемі анықталуда.