Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық 28,8%-ға азайды
Түркістан облысында отбасыдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық 28,8%-ға азайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылдың 10 айында Түркістан облысында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалынған қылмыстар 28,8 пайызға төмендеген. Оның ішінде әйелдерге қарсы жасалған қылмыстардың саны 3,3 пайызға азайған. Бұл жөнінде апта сайын өтетін брифингте ТО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Асылхан Төреханов мәлімдеді. Полиция департаментінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфирде жүргізілген брифингтің тақырыбы «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы шаралар туралы» болды.
– Жыл басынан бері Түркістан облысы Полиция департаменті құрылымдарының учаскелік полиция инспекторларымен тұрмыста құқық бұзған 3 465 адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. 517 адамға қатысты мінез-құлқына сотпен ерекше талап белгіленіп, профилактикалық жұмыстар атқарылды. Ал облыс көлемінде қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабымен 104 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 63 азамат сот шешімімен маскүнемдік және нашақорлықтан мәжбүрлеп емдеу мекемесіне орналастырылды.
Осы тұста айта кетсем, егер сіз отбасында қандай да бір қысым көрсеңіз, зорлықтың куәсі болсаңыз, бірден 102 нөміріне немесе +7 725 33 5 85 80 сенім телефонына хабарласыңыз. Сонымен қатар Түркістан облысы «Сенім-Ай» қоғамдық бірлестігінің «Көмек» дағдарыс орталығы да тегін қызмет көрсететінін айтқым келеді. Бұл орталықтар да сізге тегін құқықтық, медициналық кеңестер беріледі. Әйелдерді және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» де үзіліссіз жұмыс жасайды. Сондықтан естен шығармаңыз: сіздің әрқайсыңыздың құқығыңыз қорғалады, ол үшін тиісті шаралар қабылданады, – деп мәлімдеді спикер А.Төреханов.