Ауылдасының дүкеніне ұрлыққа түскен келестік жігіт қолға түсті
Түркістан облысының полицейлері ауылдасының дүкеніне ұрлыққа түскен жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Келестік тұрғын өзінің азық-түлік дүкеніне ұры түскені бойынша аудандық полиция бөліміне хабарлаған. Әйелдің айтуынша, дүкеніне заңсыз кірген ұры, кассадағы 700 мың теңгеден астам ақшаны жымқырып кеткен. Аталған жайт бірден тіркеуге алынды.
Кәсіби шеберлігі мол, тәжірибелі келестік полицейлер шұғыл ұрлық жасаған адамды ұстау мен анықтау жұмыстарына кірісті. Оқиға орнына жақын аймақтарды аралап шықты. Куәлардан жауап алды. Тәртіп сақшыларының үзіліссіз жүргізген іздестіру жұмыстары кезінде ақпарат көздері жинақталды. Нәтижесінде күдікті ретінде осы ауылдың тұрғыны ұсталды.
Анықталғандай, ақша қажет болған жігіт ауылдасының дүкеніне түсіп, арам ойын іске асырған. Дүкеннің құлпын бұзып, ішіне заңсыз енген. Қолына ілінген ақшаны алып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жеңіл жолмен, қылмыс жасап тапқан ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі таңда ҚР ҚК 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға өздеріңізге тиесілі сауда орындарына, басқа да ойын-сауық мекемелеріне арнайы дабылқаққыш пен бейнебақылау камераларын орнатуға кеңес береді. Ұрлық болған сәтте тез арада полицияға хабарлау қажет. Бұл қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді.