Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай мұрасы: СҚО-да полицейлер ұлттық құндылықтарды дәріптеді

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне орай Петропавл қаласындағы Иван Шухов атындағы Орталық қалалық кітапханада өткен "Атадан қалған асыл сөз" атты ашық диалогқа қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тағылымды кездесуде кітапхана қызметкерлері тәртіп сақшыларын Абайдың өмірі мен шығармашылығының көпшілікке беймәлім қырларымен таныстырып, арнайы тақырыптық байқаулар ұйымдастырды. Жас полиция қызметкерлері ақын мұрасын қаншалықты білетіндерін сынап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар қатысушылардың қалауы бойынша Абайдың сүйікті өлеңдері оқылды.

Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті аппараты мен Петропавл қаласы полиция басқармасының түрлі бөлімшелерінде қызмет атқаратын, негізінен жас қызметкерлер қатысты.

Тағылымды кездесу Ардагерлер кеңесі мен Тәлімгерлер кеңесінің қолдауымен СҚО ПД-нің "Ұрпақтар сабақтастығы және ұлттық құндылықтар" жобасы аясында ұйымдастырылды.

Мұндай мәдени-ағартушылық іс-шаралар полиция қызметкерлерінің патриоттық тәрбиесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Абай мұрасын дәріптеу арқылы жас қызметкерлердің ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттырып, олардың рухани дүниесін байытуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мұндай кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жас буынның қазақ халқының бай рухани мұрасын тереңірек танып-білуіне жол ашады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру