Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде рақымшылықпен 13 сотталған босатылды
Абай облысы бойынша ҚАЖ орташа қауіпсіздік мекемесінде рақымшылық аясында алғашқы 13 сотталған босатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2026 жылы Қазақстан Республикасында жаңа Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына байланысты ауқымды қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жүргізілуде. Қазақстан Республикасының "Жаңа Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңы 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енді. Заңның негізгі мақсаты – мемлекеттің қылмыстық саясатын ізгілендіру, сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне ықпал ету және олардың заңға бағынатын өмір салтына қайта оралуына жағдай жасау.
Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің орташа қауіпсіздік мекемесінде рақымшылық аясында алғашқылардың қатарында 13 сотталған босатылды. Олар – алаяқтық және ұрлық қылмыстары үшін сотталған, жасы 19 бен 58 аралығындағы азаматтар.
Босатылғандардың бірі – алаяқтық жасағаны үшін 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған 24 жастағы Семей қаласының тұрғыны.
— Рақымшылық мен үшін өмірімді жаңадан бастауға берілген мүмкіндік болды. Өзіме үлкен сабақ алдым және бұрынғы қателіктерімді қайталағым келмейді. Үйде мені туған-туыстарым күтіп отыр. Ендігі мақсатым – жұмысқа орналасып, отбасыма қолдау көрсету және өзгергенімді іс-әрекетіммен дәлелдеу. Осындай мүмкіндік бергені үшін ризашылығымды білдіремін. Заңды сақтап, қоғамға пайдалы азамат болуға ниеттімін. Жақындарымның қолдауы жаңа өмірге тезірек бейімделуіме көмектесетініне сенімдімін, — деді босатылған азамат.
— Заңды іске асыру жұмыстары қолданыстағы заңнама талаптарына қатаң сәйкес жүргізілуде. Әрбір материал мұқият зерделенеді, ал рақымшылық тек Заң талаптарына сәйкес келетін адамдарға ғана қолданылады. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін сотталғандар белгіленген тәртіппен босатылады. Бүгінгі күні орташа қауіпсіздік мекемесінде рақымшылық аясында 13 сотталған босатылды, — деді арнайы есеп бөлімінің бастығының міндетін атқарушы Молдир Токтаганова.
Қазақстан Республикасының "Жаңа Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңына сәйкес, Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің орташа қауіпсіздік мекемесінде алдын ала есеп бойынша рақымшылыққа шамамен 200 сотталған ілігуі мүмкін.
Әрбір сотталғанға рақымшылық жасау туралы түпкілікті шешім Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес сотпен қабылданады.
