Алматыда полицейлер ауқымды тексеру жүргізді
Алматыда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді профилактикалық іс-шаралар жалғасуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында полиция қызметкерлері Наурызбай ауданындағы Жүнісов көшесінде орналасқан "Алма Сити" тұрғын үй кешенін тексерді. Аралау барысында 10 көпқабатты үй мен 360 пәтер тексеріліп, ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде тұрған адамдардың тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізілді.
Сонымен қатар полицейлер сауда нысандарын тексерді. Дүкендердің бірінен тиісті лицензиясыз алкоголь өнімін сату фактісі анықталды. Заңсыз айналымнан 25 бөтелке алкоголь өнімі тәркіленіп, әкімшілік материалдар сотқа жолдау үшін жинақталды.
Тіркелген мекенжайлары бойынша шетел азаматтары мен азаматтық қару иелері де тексеріліп, қаруды сақтау талаптарының сақталуына бақылау жүргізілді. Тіркеу мекенжайы бойынша тұрмағаны үшін Қазақстан Республикасының 20 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция басқармасына әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, сондай-ақ жедел қызығушылық тудырған адамдар жеткізілді.
Тұрғындармен профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударылды. Полицейлер интернет-алаяқтықтың, пәтер ұрлығының, мүліктік қылмыстар мен басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу. Біз тұрғын алаптарындағы профилактикалық жұмысты күшейтіп, сауда нысандарын тексеріп, заң талаптарының сақталуын бақылауда ұстаймыз. Сонымен қатар тұрғындармен мекенжайлық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл кешенді тәсіл тәуекелдерді дер кезінде анықтап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
