Абай облысында ауылдасының сиырын ұрлаған азамат ұсталды
Абай облысында ауылдасының сиырын ұрлаған азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мамыр айының ортасында Әуезов полиция бөліміне Қайнар ауылының 41 жастағы тұрғыны жүгініп, 4-7 мамыр аралығында Қайнар ауылының маңында еркін жайылымнан белгісіз адам бір бас ірі-қара малын жасырын ұрлап кеткендігін хабарлаған. Осы уақытқа дейін жәбірленуші малын өз бетінше іздеумен айналысқан, алайда жоғалған малды өздігінше таба алмаған ол құқық қорғау органына жүгінген. Келтірілген залал сомасы 260 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нәтижесінде криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен жәбірленушінің 63 жастағы ауылдасы жеткізілді. Одан жауап алу барысында күдікті кінәсін мойындаған. Ұрланған мал тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жыл басынан бері облыс полицейлері малды ұрлығының 13 дерегін ашты. Оның ішінде Абай және Жарма аудандарының аумағында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық 2 топ болды.