Абай облысында сотталғандар ми аэробикасын жасай бастады
Абай облысында қауіпсіздігі аралас колонияда сотталғандар арасында ми жасушаларын қалпына келтіретін, нейробика жаттығуларын жасату басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері мекемедегі жүз сотталушымен оқу-жаттығулар өткізілді.
Сотталғандар колония қабырғасында бос уақытын негізінен кітап оқумен немесе дене шынықтыру жаттығуларын жасаумен өткізеді. Бұл жалғыздықтан мезі болмауға және денені жақсы күйде ұстауға көмектеседі. Жыл басынан бері мекеме психологтары сотталғандармен зейін мен зейінді ұштайтын, есте сақтау қабілетін арттырып, көңіл-күйін көтеретін ми жаттығуларын жасай бастады.
– Мекемеде біздердің физикалық жағдайымыз және ақыл-ой қабілетімізді тексеру, қолдау мақсатында түрлі турнирлер жиі өткізіледі. Нейробика жаттығулары бізге өте пайдалы екенін мойындадым. Бостандыққа шыққан соң әркімнің өз жоспары бар, біздерге мидың белсенділігіне қолдау қажет, – деп бөлісті сотталған.
Қазіргі уақытта аталған ақыл-ой гимнастикасы кез келген адамға пайдалы. Мидағы жүйке жасушалары арасындағы байланыс нашарлағандықтан, ақыл-ой қабілеті төмендейді. Соның алдын алу үшін нейробика пайдалы.
– Нейробика жаттығулары депрессия белгілерін азайтатыны дәлелденді, бұл психологтың жұмысын жеңілдетеді. Жаттығу сотталғандардың қоғамнан оқшаулануымен байланысты стрессті ескере отырып, есте сақтау қабілеттіліктерінің нашарлауына жол бермейді, – дейді мекеме психологы Надира Амангелдина.