Абай облысында жасөспірімдердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс күшейтілді
Абай облысында "Учaске" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту, сондай-ақ азаматтармен сенімді қарым-қатынасты нығайту мақсатында Абай облысы аумағында 1 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін республикалық "Учaске" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мен отбасы салауаттылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында тұрғылықты жері жоқ 11 адам анықталып, қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Сонымен қатар әртүрлі құқық бұзушылық жасаған 851 кәмелетке толмаған анықталды. Олардың ішінде:
-
28 жасөспірім – алкогольдік ішімдіктер ішу фактісі бойынша;
-
5 жасөспірім – түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болғаны үшін;
-
773 жасөспірім – қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін ұсталды.
Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында 45 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді.
Тексеру кезінде полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған 11 512 адамды, соның ішінде 1 276 қолайсыз отбасын бақылаудан өткізді. Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қажетті көмек көрсетілді.
"Учaске" жедел-профилактикалық іс-шарасы қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі бақылауды күшейтуге, заң бұзушылықтарды анықтауға және азаматтардың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыруға мүмкіндік берді.
Абай облысы аумағында құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр.
