Абыз ардагер Талап Қабденовтің өмір жолы – өнеге
Түркістан облысы полиция департаментінің үлкен мәжіліс залында жеке құрам қызметкерлеріне ішкі істер органының құрметті ардагері, отставкадағы милиция генерал-майоры Талап Қабденовтің өмір деректері туралы қысқа метражды деректі фильм көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отанға деген сүйіспеншілік, қызметтік борышқа адалдықты қалыптастырып, қызметкерлердің рухын көтеру мақсатында жасалған шараға департаменттің дербес, басқарма бөлімдерінің басшылары мен жеке құрамы қатысты.
Аталған шарада ардагердің өмір жолы мен қоғам тыныштығын сақтауда атқарған жұмыстары баяндалды. Талап Қабденов орта және басшылық құрамының әртүрлі лауазымында 30 жыл шамасында қызмет атқарған.
Ішкі қызмет генерал-майоры Талап Қабденов 1996 жылы Қостанай жоғары мектебін (қазіргі ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы) басқарды. Қызмет атқарудағы жетістіктері үшін Талап Қабденұлы Үкімет және Ішкі істер министрлігінің атынан бірнеше рет марапатталды. Абыз ардагерге Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «Еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілді.
Талап Қабденов – өзін Отанға қалтқысыз қызмет етуге арнаған жан және өте еңбекқор адам. Ардақты ардагердің ізін жалғаған ұлы – Мұрат Қабденов облыстық ПД бастығы. Бір отбасынан осылайша екі генерал шығып, қазіргі уақытта елге қалтқысыз қызмет көрсетуде.
Генерал – шен емес, генерал – бақыт» деген сөз бар. Мансап жолыңдағы ең биік шыңды бағындыру – бақыт емей, немене?! Тәуелсіз елдің тірегіне айналған полиция саласындағы генералдардың, яғни бақытты жандардың қатары арта берсін.