Адам саудасына байланысты қылмыстар қылмыстық жауапкершілікке тартылады
“Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” ҚР Заңы. Адам саудасымен байланысты қылмыстардың жаңа құрамы қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 5 шілдеде “Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, ол алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 2024 жылғы 5 қыркүйекте күшіне енеді.
Заң шеңберінде Қылмыстық кодекске қылмыстардың жаңа санаты – адам саудасына байланысты қылмыстар енгізіледі және “сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер” деген жаңа ұғым енгізілмек.
Сондай-ақ қылмыстық жауапкершілік енгізіледі:
• адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсетуге тарту, сол сияқты осы мақсаттар үшін жеңгетай болу;
• осы қызметке тарту мақсатында, сол сияқты жеңгетайлық мақсатта жезөкшелікті, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтерді насихаттау және (немесе) жарнамалау;
• телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернетті пайдалану арқылы жезөкшелікпен айналысу, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету және жеңгетайлық үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау.
ҚК-нің 134, 308 және 309 және ҚР ӘҚБтК-нің 450-баптары бойынша ұйымдастырушылар жауапкершілікке тартылатын болады.
Сонымен қатар Заңда жезөкшелік қызметін, кәмелетке толмаған адамның көрінеу көрсететін өзге де жыныстық сипаттағы қызметті алғаны үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылады. Бұл ҚР ҚК-нің 122-бабы бойынша жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
Адам саудасына қатысты қылмыстар бойынша татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату алынып тасталады.
Қылмыстық-процестік кодексте жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға құқығы көзделді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске медициналық ұйымдардың және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың лауазымды адамдарының жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.