Әйел құрбысының атынан онлайн-несие рәсімдеп, «оңай олжаға кенелді»
Түркістан облысының полицейлері өз таныстарының атынан онлайн-несие алып жүрген күдікті азаматшаны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, белгісіз азамат өзінің атынан онлайн-несие алып, алаяқтық жасағанын көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 500 мың теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, іздестіру жұмыстарын бастап кетті.
Полицейлер жәбірленушіні алдап, оңай жолмен олжа таппақ болған алаяқты ұстауға қатысты іс-шараларды жүргізді. Оны бір тәулік ішінде тұрғылықты мекенжайынан ұстап, бөлімшеге жеткізді. Ол жәбірленуші азаматшаның таныс құрбысы болып шықты. Түркістандық тергеушілер күдіктіден қыздың 500 мың теңгесін қайтарып алуына көмек беріп, алғысын алды. Қазіргі таңда орын алған оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті әйелдің бас шарасы қолхатта.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті азаматшаның басқа да бірнеше танысының атынан онлайн-несие алғандығы анықталды. Оларға келтірілген жалпы шығын көлемі бір миллион теңгеден астам. Өз кінәсін толық мойындаған күдікті азаматша таныстарының ақшасын қайтарып беруге уәде етіп отыр.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға күмән тудыратын ұсыныстарға сенбеңіз, сондай-ақ таныс адамдарыңызға өзіңізге тиесілі қандай да бір карточкаларыңыздың құпия сөздерін немесе жеке басыңызды сәйкестендіру нөміріңізді айтпау керектігін ескертеді. Егер сіз де, алаяқтық қылмысының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, бірден «102» телефоны арқылы полицейлерге хабарласыңыздар.