Әке аманатын арқалаған ағайынды Досановтар
23 маусым – Қазақстан полициясы күні. Бұл – ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының кәсіби мерекесі. Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде де қызметіне адал, антына берік мамандар аз емес. Солардың қатарында тағдырдың ауыр сынағына мойымай, әке жолын жалғап келе жатқан ағайынды Досановтар бар. Олар туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Аян мен Мақсат Досановтардың әкесі Нақберген Досанов 1985–1995 жылдары Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінде абыройлы қызмет атқарған. Алайда тағдыр қос бауырға ерте есейтетін сынақ дайындады. Әкелері қызметте жүрген кезінде өмірден озса, көп ұзамай аналары да дүниеден өтті. Сөйтіп, ағайындылар бала жастан ата-ана қамқорлығынсыз қалып, тұл жетім атанды.

Соған қарамастан олар қиындыққа берілмей, әке есіміне кір келтірмеуді мақсат тұтты. Балалық шақтағы ауыр күндер олардың жігерін жасыта алмады. Керісінше, өмірге деген жауапкершілігін арттырып, болашақ мамандықтарын таңдауда әке өнегесін бағдар етті.
Бала кездерінен нысанды киім киген тәртіп сақшыларын көріп өскен ағайындылар әкелері секілді елге қызмет етуді армандады. Бүгінде сол армандары ақиқатқа айналып, екеуі де қылмыстық-атқару жүйесі саласында абыройлы еңбек етіп жүр.

Әділет аға лейтенанты Аян Нақбергенұлы Досанов №37 мекемесінде жеке құраммен жұмыс жөніндегі инспектор қызметін атқарады. Ол еңбек жолын 2018 жылы тергеу изоляторында бақылаушы болып бастаған.
Ал інісі, әділет майоры Мақсат Нақбергенұлы Досанов ішкі істер органдарындағы еңбек жолын 2009 жылы қалалық полиция бөлімінде бастады. 2013 жылы тергеу изоляторына бақылаушы болып қабылданып, кәсіби біліктілігі мен еңбекқорлығының арқасында қызмет баспалдақтарымен көтеріліп, бүгінде №60 мекемесінің режим бөлімінің бастығы қызметін атқарып келеді.

— Нысанды киім кию – үлкен жауапкершілік. Бұл салада сабырлы, төзімді әрі білімді болу қажет. Қызметкерлер кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Сондықтан олардың кәсіби және дене даярлығын жетілдіруге ерекше көңіл бөлеміз, — дейді Аян Досанов.
Қос ағайындының өмір жолы – тағдырдың ауыр сынақтарына қарамастан, әке аманатына адал болып, қоғам игілігі үшін қызмет етудің жарқын үлгісі. Олар әке салған сара жолды жалғап қана қоймай, өздерінің адал еңбегімен кейінгі буынға өнеге көрсетіп келеді.
Досановтар әулетінің тағы бір мақтанышы – олардың өнегелі отбасылары. Аян Досанов жұбайымен бірге төрт ұл тәрбиелеп отырса, Мақсат Досанов үш ұл мен бір қыз өсіріп отыр. Бала кезде өздері сезінген ата-ана жылуын енді өз перзенттеріне сыйлап, отбасы құндылықтарын жоғары қояды.

Қазақстан полициясы күні қарсаңында әке аманатын абыроймен арқалап, ел қауіпсіздігі жолында адал қызмет етіп жүрген ағайынды Досановтардың өмір жолы қайсарлықтың, табандылықтың және Отанға деген адалдықтың айқын көрінісі болып қала бермек.
