«Әкімшілікте жұмыс жасаймын»: Шымкентте кезекті алаяқ қолға түсті
«Әкімшілікте жұмыс жасаймын» деп шымкенттіктерді алдап соққан әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Әл-Фараби АПБ-на жергілікті тұрғыны арызданған. Ол өз арызында 41 жастағы азаматша мемлекеттен пәтер алып беремін деп сеніміне кіріп, қолма-қол 1,7 млн теңге ақшасын алып, алаяқтық жолмен иемденіп кеткенін жазып көрсеткен. Алайда уәдесінде тұрмай, пәтер алып бермей, ақшаны қайтармаған.
Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар Шымкент қаласының тұрғыны анықталды. Ол өзін көпшілікке «әкімшілікте жұмыс жасаймын» деп алдап, сенімдерін теріс пайдаланып келген. Алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жібергені белгілі болды. Сондай-ақ, осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Қазіргі уақытта аталған дерек ҚР ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігімен (Алаяқтық) тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.