Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқ такси жүргізушілерін алдап кетті

Түркістан облысының полицейлері «автотұрақ ашамын» деп жүргізушілерден ақша жинап алған алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай АПБ-не жолаушы тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер арызданып келеді. Олардың айтуынша, қаңтар айында белгісіз біреу «базар алдынан такси жүргізушілеріне арналған автотұрақ ашып беремін» деп сендіреді. Сол жерден әрқайсыңа арнайы орын беремін деп әбден сеніміне кіріп, әрбір такси жүргізушісінен 25-50 мың теңге көлемінде ақша алады. Айлар өтіп, уәде етілген автотұрақ ашылмай не берген ақшалары қайтпағаннан кейін жүргізушілер алаяқтың құрбаны болғандарын түсінеді. Содан бірден полицейлерге шағымданып, көмек берулерін сұрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Орын алған алаяқтық қылмысын ашу мақсатында жедел-тергеу тобы шұғыл әрекет етті.

Жәбірленушілерден, куәгерлерден жауап алып, күдікті азаматтың жеке-басын анықтады. Нәтижесінде полицейлер күдікті ретінде жергілікті тұрғынды анықтап ұстады. Оны АПБ-не жеткізді.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Полицейлер күдіктінің бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде. Тергеу барысында тәртіп сақшылары жәбірленушілер санының артуы мүмкін екенін айтады. Күдіктінің бас шарасы қолхатпен босатылды.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға түрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады. Таныс емес адамдарға ақша бермеңіз. Сақ болыңыз және күмәнді қызметтерді ұсынатын адамдардан оңай пайда табуға үміттенбеңіз. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру