Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оқу-жаттығу сабағынан келе жатқан полицейлер жол-көлік апатынан жолаушыларды аман алып қалды

Тұрғындар жол-апаты кезінде көмектесіп, құтқарып қалған полицейлерге алғысын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан қалалық Полиция басқармасының бірқатар полицейлері оқу-жаттығу сабағынан келе жатып, Шымкент-Самара тас жолында орын алған жол-көлік оқиғасының куәсі болады. Көмек қажет екенін бірден топшылаған полицейлер жедел-жәрдем мен Ордабасы АПБ-не хабарлап, өздері оқиға орнына шұғыл жетеді.

Тексеру барысында полицейлер “Ауди-100” маркалы көліктің жүргізушісі жылдамдықты тежей алмай, жүк көлігінің артқы бөлігінен соғып, кіріп кеткенін анықтайды.

Содан полицейлер көмек келемін дегенше, құр тұрмай жолаушыларды аман алып қалудың жағдайын жасайды. Тез арада жолды жауып, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерді құтқару жұмыстарын жүргізеді. Қажетті құрал-саймандарды шұғыл тауып, жүк көлігінің артына кіріп кеткен “Аудиді” шығаруға барын салады. Содан шұғыл әрі тиімді жұмыстар жүргізіп, полицейлер көлікті сүйреп-тартып шығарады. Көліктің артында отырған үш жолаушыны бірден сыртқа шығарып үлгереді. Ал, қатты соққыдан қыстырылып қалған жүргізуші мен алдында отырған жолаушыны көліктің есігін бұзу арқылы босатып, құтқарып қалады. Содан жол-апатынан жәбірленушілер ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізіледі.

Өз кезегінде жол-апатынан аман қалған жолаушылар полицейлерге ризашылықтарын жеткізді.

– Ойламаған жерден апатқа түстік. Осыдан аман қалмайтын шығармыз деп едік. Алайда, құтқарушы ретінде бізге полицейлер келіп, былайша айтқанда өлімнен құтқарып қалды, бізге қайта өмір сыйлады. Өздерінің кәсіби шеберлігі мен жеделділіктері арқасында міне, біздер дін-аманбыз. Алла разы болсын, оларға!, – деп көмек қолдарын созған түркістандық полицейлерге алғыстарын жаудырды.

Ал, тәртіп сақшылары қашанда халықтың амандығы мен тыныштығы үшін аянбай қызмет етуге дайын екендіктерін жеткізді. Олар өз сөздерінде кез келген қиыншылықта тұрғындарға қорған болуға даярмыз деп атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру