Алаяқтар ақмолалық тұрғынды 2 млн теңгеге алдап соқты
Алаяқтар ақмолалық тұрғынды 2 млн теңгеге алдап соқты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 шілдеде Степногорск қаласының Полиция басқармасына 30 жастағы жергілікті тұрғыннан алаяқтық жасалғаны туралы өтініш келіп түсті. Азаматша өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған белгісіз ер адам алдау жолымен ҚР екі банкінің депозиттерінде сақталған оның 1 млн 616 мың және 199 мың теңге сомасындағы ақша қаражатын иемденгенін хабарлады.
Жәбірленушінің айғақтары бойынша, белгісіз адам оған өтініш берушінің атынан банк қызметкерлеріне қаржы операцияларын жасауға сенімхат берген әйелдің аты-жөнін хабарлаған.
Әрі қарай, жәбірленушінің айтуынша, ер адам алаяқтықтың “алдын алу” үшін банк қызметкерлері онымен байланысатынын, ал азаматша олардың нұсқауларын қатаң сақтауы керектігін ескерткен.
Алаяқтық схеманы бұлжытпай орындатқызған банктің жалған қызметкері ақмолалық тұрғынның депозиттеріндегі ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып, «24 касса» арқылы банктің шотына аудару қажеттігі туралы айтқан. Алаяқтардың нұсқаулығын орындаған әйел қаражатынан айырылып, полицияға жүгінген.
Степногорск қаласының Полиция басқармасы аталған факті бойынша ҚР ҚК 190-бабы 4-тармағының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.